03 Мамыр 2019
Жаңалықтар

Айрықша кеш өтті айта жүрер…

Биыл алтын ұямыздың ашылғанына бес жыл. Беске толған білім ордасының құрметіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестігі ән мен биден, көрініс пен көркем сөзден шашу шашты. Ұстаз келбетінің кешегісі мен бүгінін көрерменнің көз алдына әкелген көрініс кеш шымылдығын ашты. Сондай-ақ көзі тірі болса осы жылдың он екінші желтоқсанында тоқсанға толар академик, ұстаздардың ұстазы Зейнолла Қабдолов жайлы естеліктер айтылып, бейнеролик көрсетілді. Әрмен қарай жаңашыл мұғалімдер заманауи бимен рэп айтып кештің көркін қыздырды. Гүлдана Мұхитованың әсем әні мен Бахонова Әселдің жүрекжарды өлеңі концерт реңін одан әрі аша түскендей.

Әні мен сәні келіскен өткен сенбідегі кеш бірлестік мүшелерінің “Бізге бес жыл” әнімен қорытындыланды.

Өздерін жаңа қырынан таныта білген талантты ұстаздар бес жылдыққа арнап сыйлықтарын, атап айтар болсақ, мектеп макеті және З.Қабдолов кітаптары мен бірлестік фотоальбомын тарту етті.